Жұбатырова Рахима - әнші (лирико - драматикалық сопрано). Қазақстанның халық артисі. 1943 жылы Өзбек ССР-нің Андижан қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын профессор Н. А. Шарипованың класы бойынша бітірген. 1975 жылдан Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі. Оның репертуарында: Сараның (М. Төлебаевтың "Біржан мен Сара"), Дананың (Е. Брусиловскийдің "Ер Тарғын"), Гүлбаршынның, Қамардың (Е. Рахмадиевтің "Алпамыс" және "Қамар сұлу"), Еңліктің (Ғ. Жұбанованың "Еңлік-Кебек"), Марфаның (Н. А. Римский- Корсаковтың "Царская невестасы"), Аиданың, Амелияның (Дж. Вердидің "Аида" мен "Балмаскарады"), Тоскидің, Чио-Чио-Санның (Дж. Пуччинидің осы аттас операларында) партиялары бар. Р. Жұбатырова сонымен қатар, романстарды, халықтық және қазіргі замандық әндерді орындайды. Оның таудан аққан бұлақ сынды үнін көрермен жақсы көреді.
|