русский english


Затаевич Александр (1869 - 1936) музыкант, этнограф, композитор, Қазақ ССР - нің халық артисі. 1920 ж. қызмет бабымен Орынборға келген ол қазақтың халық әндері мен күйлерін тұңғыш рет естиді. Алғашқыда бұл музыканттың жаңаға қызығушылығы ғана еді. Мұнан соң әндердің әуендік байлығы мен олардың кәсіби ортада беймәлімдігі Затаевичты халықтық творчествоны оны терең зерттеуге алып келеді. Ол Қазақстанның 2300-ден аса музыкалық фольклорлық шығармаларын жазып алады. Оның "Қырғыз халқының 1000 әні" және "500" қазақ әні мен күйі жарияланған екі томы қазақ фольклористикасындағы толыққанды жұмыстар болып табылады. Мазмұны бойынша Затаевичтің жинамалары ерте кезден бастап, біздің ғасырымыздың 30 жылдарына дейінгі қазақтың халықтық музыка мәдениетінің антологиясы болып табылады. Затаевич қазақтың халық музыкасын тақырып бойынша аңыздық, тарихи, тұрмыстық, жарыстық, сықақтық және әзілдік әндер ретінде бөлген. Затаевич қазақ музыкасының тарихында тұңғыш рет Абай Құнанбаев, Құрманғазы, Жаяу Мұса, Біржан сал, Мұхит, Дәулеткерей, ЬІбырай атына халық композиторлары ретінде сипаттама беріп, олар туралы бірнеше биографиялық мәліметтер келтіреді. Затаевич белгілі орындаушылар Әміре Қашаубаевтың, Ғаббас Айтбаевтың, Қали Байжановтың және тағы басқа орындау шеберлігіне терең сипаттама береді, оның танымдық маңызы зор. Затаевичтің жинақтарының этнографиялық маңызы жоғары, мұнда қазақ халқының дәстүрі, тұрмыс сипаты туралы мәліметтер жинақталған. Затаевич - қазақтың кәсіби фортепьяналық музыкасының негізін салушылардың бірі. Ол - "Фортепианоға арналған миниатюр түріндегі Қазақ әндері", "Қазақтың аспаптық пьесалары мен әуендері" атты музыкалық жинақтардың авторы болып табылады.
 

© Национальная Библиотека Республики Казахстан. org@nlrk.kz
Design by Aysarov Shukhrat © 2009