русский english


Райымқұлова Ақтоқты -композитор Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын фортепиано (ҚР халық артисі, профессор Ж. Я. Әубәкірованың класы бойынша) және композиция (ССРО халық артисі, профессор Ғ. А. Жұбанованың класы бойынша) екі мамандығын бітірген. Ол он жасынан бастап, музыка шығара бастады. Ақтотының «Анажан», «Папажан», «Көктем сенсің - туған ел», фортепияноға арналған «Прелюдия», «Күзгі әуен» пьесалары және скрипкалық пьесалар сияқты алғашқы шығармалары қарапайымдылығымен, шыншылдығымен дараланады. Кәсіби композиторлыққа бет бұрған А. Райымқұлова қазақтың кәсіби музыка мектебін жалғастырушылар қатарына қосылды. Ол М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Жезқазған драма театры және тағы басқалары үшін «Соңғы сезім» (1994ж.), «Тұзды шөл» (1995ж.), «Еңлік - Кебек», «Абай»(1996ж.), «Қаракөз» (1997ж.), «Абылайхан», «Қайың - адамның ұлы»(1998ж.) драмалық спектакльдеріне музыка жазды. Ақтоқты көптеген вокальды шығармалар авторы. Оның әндерін ҚР халық артистері Р. Рымбаева, М. Жүнісова, Н. Есқалиева, С. Тыныштығұлова және т. б. орындайды. Барлық жас таланттар сияқты Райымқұлова үнемі ізденіс үстінде, ол 1992 жылы Франциядағы "Jec Atelieus URIC" орталығында компьютерлік музыка бойынша оқудан өтті. Амстердам қаласында 1991 жылы өткен "Тһе Gaudemuz Wusical Internatianal composers competition, for yong competition " қатысты. Райымқұлова 1994 жылы ССРО халық артистері, профессорлар Ғ. Жұбанова мен Е. Рахмадиевтің класы бойынша Алматы мемлекеттік консерваториясы жанындағы ассистентурада іс - тәжірибелік сынақтан өтті. Ақтоқты үлкен шығармашылық жолдың көш басында тұрған білікті композитор, талантты ізденуші.
 

© Национальная Библиотека Республики Казахстан. org@nlrk.kz
Design by Aysarov Shukhrat © 2009