русский english


Ыбырайдың "Гәккуі"


Үйдің іші толған қонақ. Үлкен ағаш керуеттің үстінде он жеті жастағы жас сұлу- Кәкима отыр. Оның қолында бір қатарлы сырнай бар. Қыздың сырнайда ойнаған әуенін қонақтар ықыласпен тыңдауда. "Ыбырай! Ыбырай келе жатыр!" - деп біреудің сырттан айғайлаған дыбысы естілді. Қонақтар қозғалақтап, бір-біріне жақын отырып, құрметті қонаққа орын әзірлей бастады. Әдемі киінген жігіт үйге кіріп, әдеппен амандасты. Өзіне даярланған орынға отырып, қабырғаға домбырасын сүйеп қойды, амандық- саулық сұрасты. Сосын үнсіз қалды. Ол керуерт үстінде отырған қызды бірден байқады. Кәкима да әншіге білдірмей, көз тастап отырды. Самаурын әкелінді, қыз қонақтарға шәй құя бастады. Кеселерге құйылған хош иісті шәй қонақтарға таратыла бастады. Ыбырайдың әлде қашан шөлі қанса да, сұлу үй иесі құйған әдемі шәй бұрынғыдан да дәмді болып бара жатқан сияқты. Шәй жиналды. Әнші домбырасын алып, күйін келтіріп, ән айтуға кірісті. Ол ерекше еркін, күшті дауыспен ән салды. Оның салған әнінен үйдің іші кеңейген сияқты болды. Сол кездегі уақыт заңы бойынша қыздар ауыл арасында қыдыра алмайтын. Кәкима Ыбырай туралы көп естігенмен, алғаш рет көруі еді. Үйдегі еркектер әнші даусының күштілігіне таңырқаса, Кәкима оның әрбір қимылын қалт жібермей, әрбір жаңа әнді құмарта тыңдады. Ыбырайдың келуі Кәкима үшін бақытты шақ еді. Кәкима ауылдың көп қызының бірі емес-тін, ол "дала заңына" сыймайтын ашық, еркін ару болатын. Ол сырнайда ойнағанда, басындағы орамалы шешіліп қалатын. Оның ойыны мен әні еліткен көпшілік мұндай кезде, "мұсылмандық шарттың" бұзылғанын байқамас та еді. Ыбырайға оның сырнайдағы ойыны, дауысы, еркін іс - әрекеті, шешен тілі, дауысы барлығы ұнады. Кешке үйде ине шаншар жер болған жоқ. Ыбырай әбден бабында, бір әннен соң бір әнді орындауда. Оны сырнаймен қолдай отырып, Кәкима алмастырды. Ыбырай әбден қанаттанды. Ол талантты қыздың жан - дүниесін жаулап алғанын сезген де жоқ. Түн ортасынан ауа қонақтар тарқады. Екі жас оңаша қалып, бір-бірін ұнатып қалғандықтары туралы сыр шертісті. Түні бойы Ыбырай қуаныштан, бақыттан өзін қоярға жер таба алмады, көктен түскен сияқты кездейсоқ махаббаты туралы әңгімелейтін айналасында достары да жоқ, ол атар таңды асыға күтті. Таң алагеуімде жан серігі - домбырасын қолына алды. Таңертеңгі шәйдан соң жиналғандардың өтініші мен ол тағы бірнеше ән орындады, сонан соң Кәкимаға қарап:

"Кәкимажан, мына әнді саған арнаймын"-деді.

Шомылған айдын көлде сіз бір аққу,
Мұндай сөз естідің бе бек ләззатлу.
Сырнай мен домбыраның арасында,
Балқыған қорғасындай қайран Гәкку.

Жиналғандар бұл әннің жаңа туған ән екенін білген жоқ. Кәкима ғана ән қайырмасына қосылып отырды. Жұмбақ Гәккудің кімге арналғанын Ыбырай мен Кәкима білді. Ыбырайдың ән өнерінің биік шыңы - "Гәкку" осылай дүниеге келді. Бұл әнді білмейтін қазақ жоқ.
 

© Национальная Библиотека Республики Казахстан. org@nlrk.kz
Design by Aysarov Shukhrat © 2009