Әннің шығу тарихы туралы аңыз
Ежелгі заманда жер бетін мекендеген бірде -бір халық өлеңнің, әннің не екенін білмеген. Өлеңсіз өмір - жетім, әнсіз - жеміссіз. Өлеңнің бір қалыпты ырғағы мен мақамын естімеген халық күлкі мен қуанышсыз өмір сүрген. Ол кезде мереке де, той - думан да болмайтын. Адамдар түнеріп, қабақтарынан қар жауып, кірпіктерінен мұз тамғандай болып жүретін, олар өздерінің көңілдерін көтеретін, қайғыларын ыдырататын сиқырлы ән құдыретін көмекке шақыруды білмейтін. Бір рет қайғы шеккен адам өмір бойы қабағын ашпай, құсадан өлгең өйткені, ол кезде ән жер бетінен қашық болған. Ерте кезде таудан аққан бұлақ та, жағалауы жайқалған өзендер де дыбыс шығармайтын. Дала таңын қарсы алған жұмсақ желдің ырғағымен орман да ән салмайтын, құстың да шырылы естілмейтін. Осы өлі тыныштықты, (ән мен аспан жердегі табиғатпен туыстасып үлгірмегені себепті) жабайы дауыл үні ғана бұзатын болған. Ақыр соңында әдемі, құпия, сұлу, сиқырлы ӘН өзінің ескі қонысын тастап, бүкіл жер бетін аралауға жолға шығады. Мүмкін, оны жетіқат аспан биігінде пайдасыз өмір сүру жалықтырған шығар немесе ол кең байтақ даланың үстімен армансыз жүгіргісі келді ме, әлде ол қайғылы адамдардың ренішін ыдыратып, оларға қуаныш сыйлағысы келген шығар, әйтеуір, неге екенін белгісіз ӘН қанат қақты. Көңіл - күйіне қарай ән жер бетінен біресе өте жоғары, біресе өте төмен ұшты. Ән төмен ұшқан сәтте осы өлкені мекендеуші барлық халық оның әуенін, қайырмасын, күйі мен жырын анық естіп, үйренуге тырысты, ал ӘН жоғары ұшқан сәтте, адамдар осы асыл қазынаның бір бөлігін ғана естіді. ӘН өз өлкелерінен тым биікте ұшқан халық тіпті әнсіз, жырсыз, өлеңсіз қала жаздады. Қазақ даласынан өткенде ӘН өте төмен ұшқан, - дейді аңыз сондықтан да қазақ поэзиясы бай, сұлу, терең болып келеді.
|